21 апреля 2017 года состоялся очередной 3-й Пленум КПО

Қазақ психологиялық қоғамы  Республикалық қоғамдық бірлестігі Қоғамның кезекті, бірлескен III Пленумын өткізді

Өткен мерзімі мен уақыты: 21 сәуір 2017 жыл сағат 15.00

Өткен жері: Қайнар Академиясы, Алматы қаласы, Сәтбаев көшесі 7 А

III Пленарлық мәжілісінің мақсаты ел Президенті Н.Назарбаевтың Егемен Қазақстан газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын (12.04.2017.) талқылау және оның психологиялық маңыздылығын ашу.

Президентіміздің жаңа еңбегінің методологиялық астары аса терең. Мұнда халқымыздың жарқын болашағы, бақытты өмір сүру, жан дүниесінің кемелдене, рухани жаңғыруы арнайы сөз болып отыр.

Өзінің мазмұны жағынан мұндағы көтерілген мәселелер ұлы жерлесіміз, Шығыс Аристотелі атанған Әбу Нәсір әл –Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары» туралы трактатында көтерілген адами мәселелермен тоқайласып жатыр. Сана — жан қуаттарының, психикалық құбылыстардың жиынтық атауы және психология ғылымының негізгі категориясы.

Аталмыш еңбекте тас түйіндей өрнектелген осынау түйін-тұжырымдардың бәрі тұнып тұрған психологиялық, нақтылап айтсақ оның басты саласы — этнопсихологияның қадау-қадау қызықты мәселелері дер едік.

Президент осы еңбегінде рухани жаңғыруда қоғамдық, гуманитарлық ғылымдардың ішінде психология ғылымының маңыздылығын көрсеткен.

Осыған орай, Пленумда еліміздегі психология ғылымының қазіргі жай-жапсары, күнгей мен көлеңкесі жан жақты талқыланды.

Күнгей жақтарында психология мамандығының ашылғаны, Қазақ психологиялық қоғамының құрылғаны, әртүрлі салалардан қазақша оқулықтар, оқу құралдары шыққаны ж.т.б. жетістіктер айтылды.

Дегенмен, бізде психология саласында әлі де болса шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар екендігіне баса көңіл бөлінді. Олардың бастылары: -жалпы білім беретін орта мектептерде психология пәнінің оқытылмауы; -жоғарғы оқу орындарындағы психология кафедраларының қысқартылуы; — психология мамандығы бойынша мемлекеттік гранттардың аз бөлінуі; -студенттерге оқытылатын психологиялық курстардың сағат санының күрт азаюы, олардың 15 сағат көлемінде ғана жүргізілуі; -осы кезге дейін ТМД елдерінде бар психология ғылыми зерттеу институтының болмауы; -мектептегі психологтардың қызметтік жүктемесінің өскенімен, жалақысының азайып G9 категориясынан G10-ке ауыстырылуы себебінен білікті мамандардың басқа қызметке жаппай кетуі т.б. т.с.с.

Пленум делегаттары алдағы жерде Президентіміздің рухани жаңғыру туралы концепциясын жүзеге асыруға орай, жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешуге жол ашылып, Ұлы дала жан ілімінің жаңа деңгейге көтерілетіне сенімінің мол екенін жеткізеді.