ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚҰУ «Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы»
«ҚАЗАҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОҒАМЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ
Академик Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика оқу-зерттеу орталығы бірлесе ұйымдастырған
Қазақ ғылыми психологиясының 100-жылдығына арналған «ҚАЗІРГІ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҒЫЛЫМ МЕН ТӘЖІРИБЕНІҢ ДАМУ ҮРДІСТЕРІ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ» атты VII-ші халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция аясында өткен ҚАЗАҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ЖАЛПЫ ЖИНАЛЫСЫНЫҢ, I-ШІ ҚҰРЫЛТАЙ СЪЕЗІНІҢ ХАТТАМАСЫ
7 желтоқсан 2017 жыл, Алматы қаласы
«Қазақ психологиялық қоғамы»
Республикалық қоғамдық бірлестігі
Жалпы жиналысының (I-ші құрылтай съезінің) № 5 хаттамасы
(7 желтоқсан 2017 жыл)
Қатысқан делегаттар: профессорлар Қ.Жарықбаев, М.Перленбетов, Р.Башарұлы, О.Мұсабеков, Б.А.Амирова, С.Утениязов, М.Асылханова, Х.Шерьязданова, О.Санғылбаев, А.Акажанова, Н.Б.Жиенбаева, Ш.Сатиева А. Көшербаева, доценттер М.Құдайбергенов, М.Кабакова, А.А. Карабалина, А.Миралиева, М.Бапаева, Ұ.Ауталипова, З.Утепбергенова, М.Еркінбекова, К.Сматова, Г.М.Касымова, М.Нурмуханова, А.Давлетова, Н.Бегалиева, К.Ғ.Елшібаева, психология магистрлері М.Еликулова, А.Олжаева, Ж.Баймырзаева, Е.Нұрымов, М.Тойшыбекова және 500-астам Қазақстанның барлық аймақтарынан келген практик психологтармен қатар психология мамандығында білім алатын студенттер, магистранттар, докторанттар.
Күн тәртібінде:
- Профессор Қ.Б.Жарықбаевтың қазақтың ғылыми психологиясына қосқан үлесі және 90 жылдық мерейтойын атап өту (проф. О.С.Саңғылбаев).
- Қазақ психологиялық қоғамының құрылған уақыттан бері атқарған жұмыстары туралы есеп (проф. М.Перленбетов).
- Қазақ психологиялық қоғамының аймақтық өкілдерінің, филиал директорларының есебін тыңдау (Ш.С.Сатиева, К.Б.Сматова, А.Ж.Миралиева, М.Еликулова).
- Қазақ психологиялық қоғамының тексеру (ревизиялық) комиссиясының есебі (М.П.Кабакова).
- Қазақ психологиялық қоғамының Президиум мүшелерін сайлау. (Қ.Б.Жарықбаев).
- Қазақстан Республикасы психологының Этикалық кодексін бекіту (К.Ғ.Елшібаева).
- Қазақ психологиялық қоғамының Жарғысына өзгерістер енгізу.
- Қазақ психологиялық қоғамының Жалпы жиналысының (I-ші құрылтай съезінің) резолюциясын қабылдау.
- Қазақ психологиялық қоғамын құруға және дамуына үлес қосқан ғалымдарды марапаттау.
Жалпы жиналысты, I-ші құрылтай съезді Қоғам Президенті М.Перленбетов ашты. Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалды. Президент съезге келген делегаттардың елдің түкпір-түкпірінен келгенін, бұл жиынның қазақстан психология тарихында ерекше орын алатынын атап өтті. Делегаттарға Қоғамның құрылу және қалыптасу үшін қосқан үлестеріне тоқтала келе, зиялы қауымның алғысын жеткізді. Жиналған делегаттарға мәжілістің күн тәртібін, жұмыс істеу регламентін таныстырып, мандатты жоғары көтеріп ашық дауыс берулерін сұрады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша психология ғылымдарының докторы, профессор, Қоғам Кеңесінің төрағасы О.С.Саңғылбаев педагогика ғылымдарының докторы, психология ғылымдарының докторы, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым және техника қайраткері, академик Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика орталығының ғылыми жетекшісі, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің профессоры Құбығұл Бозайұлы Жарықбаевтың өмір жолы, қазақ ғылыми психологиясына қосқан үлесі жайлы баяндама жасады.
Баяндамада профессор Құбығұл Жарықбаевтың қазақ еліндегі психологиялық ойлардың тарихы туралы жарық көрген еңбектері жайлы жан-жақты ақпарат берілді. Өз өмірінің 65 жылдан асқан уақытын жан ілімін дамытуға, оның ішінде этнопсихология, қазақ психологиясының тарихын зерттеуде баға жетпес еңбек сіңіргені айтылды. 60-тан астам кітап, оқулықтар, оқу құралдары, монографиялар, 2000-нан астам ғылыми мақалалары жарық көрген майталман Ұстаз, Педагог және Ғалым бүгінде 90- жастың белесіне шығып отырғаны айтылып, құттықтау адрестері оқылды.
Делегаттар атынан Құрмет грамотасы табысталып, Қазақ психологиялық қоғамын құруға мұрындық болғаны үшін, жанашырлығы үшін алғыс жарияланды. Биылғы жылы «Қазақ психологиялық қоғамы» РҚБ президиумының ұсынысы бойынша профессор К.Б.Жарықбаевқа «Қазақстан Ұлттық академиясының құрметті мүшесі (академигі)» атағы берілгені атап өтілді. Бұл Қазақ психологиялық қоғамының Қазақстанның ғылыми қауымдастығының беделді мүшесіне айналғанын көрсетеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша психология ғылымдарының докторы, профессор, Қоғам Президенті М.Перленбетов 2015-2017 жылдар аралығындағы атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Өз есебінде ол ресми тіркелген кезден бастап (21.04.2015 ж.) Қазақ психологиялық қоғамы психологияны мемлекеттік және халықаралық деңгейге шығаруды қолға алғанын айтты. Халықаралық ынтымақтастықты қылыптастыру үшін Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясына, Ресей психологиялық қоғамына, Қырғызстан психологтарының Ұлттық қоғамына ресми хаттар жолданды.
Осының нәтижесінде 2015 жылдың 23-қыркүйегінде Қазақ психологиялық қоғамы мен Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясы (Ресей Федерациясы) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ресей жағынан құжатқа академия Президенті пс.ғ.д. профессор В.В.Козлов қол қойды. Қазақ психологиялық қоғамы қазіргі кезде Украина, Грузия, Өзбекстан, Қытай, Түркия сияқты елдердің психологиялық қауымдастықтарымен келіссөздер жүргізуде деп атап көрсетті.
Қазақ психологиялық қоғамы құрылған кезден бері мемлекеттік маңызы бар әлеуметтік-психологиялық проблемаларды шешуге белсенді қатысып келеді. Қоғамның өзекті әлеуметтік-психологиялық проблемаларын шешу үшін Үкіметке және түрлі Министрліктерге «Қазақ психологиялық қоғамы» РҚБ түрлі комиссиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың құрамына кіргізу қажеттігі туралы хаттар жолданды. Қазақстан Үкіметінің сол кездегі вице-премьері Б.М.Сапарбаев психологиялық ғылым мен қызметтің маңыздылығын ескере отырып 2015 жылдың 24 тамызында «Қазақ психологиялық қоғамының» президенті М.Ә.Перленбетовты қабылдады. Б.М.Сапарбаев кездесу барысында Қазақ психологиялық қоғамына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, қоғамға ЮНИСЕФ-тің жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бағдарламасын жүзеге асырудың сараптамасына қатысу ұсынылды. Қазақ психологиялық қоғамы өз тарапынан «Қазақстан Республикасы халқының психологиялық денсаулығы» тұжырымдамасын және «Психологиялық денсаулық туралы» Заң қабылдауды ұсынды.
Қазақ психологиялық қоғамы 2015, 2016, 2017 жылдары 3 пленум өткізіп, оларға өңірлердің өкілдері, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының кафедра меңгерушілері қатысты. Пленумдар Қоғамның Жалпы жиналысы ретінде өткендіктен психологиялық ғылыми секциялардың жетекшілері, өңірлік бөлімшелердің басшылары мен филиалдардың директорлары тағайындалды. Қазақ психологиялық қоғамы пленумдарының негізгі тақырыбы елде психологиялық білімдерді насихаттау және халықтың психологиялық мәдениетін жоғарылату деген үндеумен өтті.
2016 жылдың 27-сәуірінде Бішкек қаласында (Қырғызстан) ЕАЭО елдерінің «Үшінші мыңжылдықтың психологиялық векторы» атты І Халықаралық психологтар форумы өтті. Форумға Қазақ психологиялық қоғамынан профессор М.Ә.Перленбетов, Ресей психологиялық қоғамынан профессор А.Н.Веракса, Қырғызстан психологтарының Ұлттық қоғамынан профессор Ч.А.Шакеева және Белоруссия, Армения, Израиль, Германия мемлекеттерінің өкілдері қатысты. Онда қазіргі заманғы психологиялық ғылымның өзекті проблемалары талқыланып, ЕАЭО елдері психологтарының ынтымақтастығы туралы қарар қабылданды.
2017 жылдың 5 қазанында Ресейдің Қазан қаласында Ресей психологтарының Форумы ашылды. Осы форум аясында Ресей психологиялық қоғамының (РПҚ) съезі өтті. Сол форумда Ресей психологтар қоғамы (РПҚ) және Қазақ психологиялық қоғамының (ҚПҚ) арасында Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Ресей тарапынан меморандумға РПҚ Президенті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің психология факультетінің деканы, РАО академигі, пс.ғ.д., проф. Ю.П.Зинченко, ал Қазақстан тарапынан ҚПҚ президенті проф. М.Ә.Перленбетов қол қойды. Мұндай серіктестік әлемдік психологиялық кеңістікке жол ашатын, интеграциялық идеяларды жүзеге асыратын үлкен мүмкіндік болып саналады.
Сөзінің соңында профессор М. Перленбетов Қоғамның ашылғанын қазақ психологиясындағы елеулі оқиғалардың бірі дей отырып, барлық көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың осы жан ілімінің елімізде қарқынды дамуына үлес қосуға шақырды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Қоғамның аймақтық филиалдары директорларының есебі тыңдалды.
Сөз алғандар, Астан қаласындағы филиал директоры М.Тойшыбекова, Семей қаласындағы филиал директоры Ш.С.Сатиева, Тараз қаласы бойынша филиал директоры К.Б.Сматова, Ақтөбе қаласындағы филиал директоры А.Ж.Миралиева және Алматы облысы бойынша филиал директоры М.Еликуловалар Қоғамның миссиясын орындауда, қоғамға мүшелікке тарту, психологиялық ілімді насихаттау жолында өткізіп жатқан іс-шаралары (тренинигтер, семинарлар, конференциялар ж.т.б.) жайлы жан-жақты ақпарат берді.
Баяндамалар тыңдалып болған соң, филиалдардың есептері делегаттардың мандатты жоғары көтеру арқылы ашық дауысқа салынып, бекітілді. Сұрақтар жазбаша қойылатын болып шешілді.
Съездің күн тәртібінде тұрған төртінші сұрақ бойынша Қазақ психологиялық қоғамының тексеру (ревизиялық) комиссиясының төрайымы М.П.Кабакованың есебі тыңдалды. Ол осы жылдары қаржылық түсімдердің негізін мүшелік жарналар құрағанын айтты. Жарғыға сәйкес Қоғам кәсіби жетілдіру курстарын өткізуге құқылы. Осыған байланысты 2016 жылы сәуір айында Қарағанды қаласында «Мектептегі кәмелетке толмағандар арасында суицидті диагностикалау» атты мектеп психологтарына арналған курсты өткізгенін хабарлады. Түскен қаржы тренерлердің іс сапарын және еңбек ақысын төлеуге жұмсалғаны жайлы ақпарат берілді. Сонымен қатар, 2015 жылы мемлекеттік сатып алу лоттарына қатысу үшін Edtech фирмасынан 2 млн теңге уақытша қарызға алынып, кейін ол тендер өкіметтің шешімімен тоқтатылған соң, көрсетілген сома Edtech фирмасына қайтарылып берілгені айтылды. Мүшелік жарнадан түскен 95408.00 теңгенің 13589.00 айыппұл төлеуге жұмсалып (айыппұл статистикалық есепті уақытында өткізбенгеніміз үшін салынған), соңында Қоғам есебінде 86219.00 теңге қалғанын айтты.
Жалпы, қоғамның жұмысын оңтайлы жүргізу үшін белгілі қаражаттың болғаны дұрыс екендігі делегаттар тарапынан мақұлданып, мүшелік жарнаны көбейту мәселесі және Қоғамға мүше болушылардың санын көбейту керек екендігі күн тәртібінде тұрған мәселе екендігі баса айтылды.
Күн тәртібінде тұрған бесінші мәселе- Қазақ психологиялық қоғамының Президиум мүшелерін сайлау туралы проф. Қ.Б.Жарықбаев сөз алды. Президиум мүшелері ретінде елімізге белгілі, педагогика және психология ғылымына ерекше үлес қосып жүрген тұлғалар тізімі ұсынылды. Президиумның құрамы тізім бойынша ұсынылып, бірауыздан мақұлданды. Тізім осы хаттаманың 1 қосымшасында берілген.
Күн тәртібінде тұрған алтыншы мәселе Қазақстан Республикасы психологының Этикалық кодексін бекіту туралы болатын. Осы Кодексті құрастырушылардың бірі проф. К.Ғ.Елшібаева құжаттың психологтардың қызметіндегі маңыздылығын айта келе, негізгі қағидаларымен және бабтарымен таныстырып өтті. Кодекс делегаттар тарапынан мақұлданып, бірауыздан бекітілді. Кодекс осы хаттамаға 2 қосымша ретінде беріліп отыр.
Келесі күн тәртібіндегі мәселе Қазақ психологиялық қоғамының Жарғысына өзгерістер енгізу. Соңғы кездердегі еліміздегі психологиялық ахуалды, пайда болып жатқан жаңаша тенденцияларды есепке ала отырып, Қоғамның Жарғысына өзгерістер енгізуді қоғам Президенті проф. М.Перленбетов ұсынды. Бұл жерде проф. Қ.Б.Жарықбаев вице-президент деген лауазым енгізілсе деген ұсыныс жасады. Доцент М.Құдайбергенов елімізде псевдопсихологтардың көбейіп кетуіне байланысты психологтарды аттестациялау, аккредиттеу, сертификациялау мәселесін көтере отырып аттестациялық комитет құрып, мамандарды сұрыптауды қолға алу керек екендігін айтты.
Проф. О.С.Саңғылбаев Қазақстанда психологиялық ғылымдар академиясының керек екенін айтып, оны құруды ұсынды.
Делегаттардың мандат арқылы ашық дауыс беру нәтижесінде ұсыныстар қабылданып, бекітілді.
Күн тәртібіндегі Қазақ психологиялық қоғамының Жалпы жиналысының (I-ші құрылтай съезінің) резолюциясын қабылдау туралы мәселе бойынша аймақтардан келген делегаттар, Кеңес және Президиум мүшелерінің ұсыныстар талқыланып, бекітілді. Резолюцияның мәтіні осы хаттамаға 3 қосымша ретінде берілген.
Қазақ психологиялық қоғамының I-ші құрылтай съезі елімізде Қоғамның дамуына үлес қосқан белгілі ғалымдар мен мамандарды марапаттау рәсімі және Қазақ психологиялық қоғамының әнұранының орындалуымен аяқталды.
ЖАЛПЫ ЖИНАЛЫС КЕЛЕСІ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
- Профессор Қ.Б.Жарықбаевтың ғылыми, педагогикалық мұрасы жан жақты зерттеліп, білімгерлер арасында кеңінен насихатталсын.
- Қазақ психологиялық қоғамының есебі бекітілсін.
- Қазақ психологиялық қоғамының аймақтық өкілдері, филиал директорларының есептері бекітілсін.
- Қазақ психологиялық қоғамының тексеру (ревизиялық) комиссиясының есебі бекітілсін.
- Қазақ психологиялық қоғамының Президиум мүшелері тізім бойынша сайлансын.
- Қазақстан Республикасы психологының Этикалық кодексін бекітілсін.
- Қазақ психологиялық қоғамының Жарғысына өзгерістер енгізілсін.
- Қазақ психологиялық қоғамының Жалпы жиналысының (I-ші құрылтай съезінің) резолюциясы қабылданып, бекітілсін.
- Қазақ психологиялық қоғамын құруға және дамуына үлес қосқан ғалымдар марапатталсын.
Қазақ психологиялық қоғамының Жалпы жиналысының төрағасы, профессор М.Перленбетов
Ғалым хатшы, психология магистрі Ж.Баймырзаева